Тіркелу   Забыли пароль?


Әбдібекова Г.О. Ресей Федерациясы мұрағат мекемелеріне жасалған ғылыми-зерттеу экспедициялар есебіне шолу




Ресей Федерациясы мұрағат мекемелеріне

 жасалған ғылыми-зерттеу экспедициялары есебіне  шолу

 

Г.О. Әбдібекова,

Археография және деректану ұлттық орталығы

 зертхана бастығы, Астана қ.

 

Тәуелсіздікке қолымыз жеткен тұста халық жадысын мәңгілік мұралармен,  рухани тың дерек көздерімен қуаттайтын, өркениетті мәдениетке бет алыс басталды. Қоғамдағы мұндай серпілістер елімізге маңызы зор Қазақстан Республикасының мұрағат ісін дамытудың 2001-2005 жылдардағы және «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламалардың дүниеге келуіне тікелей себепші.

Аталған бағдарламалардың көздеген мақсаты қазақ халқының шежіресінен сыр шертетін тарихи, мәдени деректерді, қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптар, басылымдарды (көшірмелерін) шет мемлекеттер мұрағаттарынан, кітапханалары мен ғылыми-зерттеу институттарынан, жеке коллекциялардан іздестіру, жинау, көпшілікке насихаттау болып табылады.  Осыған орай Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті мамандары тарапынан аталмыш бағдарламаларды жүзеге асыру аясында 2002-2005 жж. жасалған ғылыми-зерттеу экспедициялары нәтижесінде 35 мыңнан аса қазақ тарихына қатысты істер анықталынған. Қазіргі таңда Археография және деректану ұлттық орталығының Қазақстанға қатысты шетелдегі мұраларды зерттеу, жинау және мәліметтер жинақтау зертханасы жинақталған осы істерді біртұтас деректер базасына түсіруде.

Ұлттық орталықтың автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне негізделген,  мәліметтер базасына енген істердің  80 пайызын осы Ресей Федерациясының (Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Орынбор, Барнаул, Екатеринбург, Красногорск,Челябинск, Астрахан, Қазан, Уфа) қалаларында орналасқан мұрағаттар мен кітапханалар құжаттары құрайды. Қарастыратын мәселеміз әңгімеміздің  арқауы болып отырған Ресей Федерациясының жоғарыда аталған қалаларында орналасқан мұрағаттарға жасалған ғылыми-зерттеу экспедициялары туралы болмақ. Жалпы жоғарыда аталып өткен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында 2002-2005 жылдар аралығында тек Ресей Федерациясы бойынша барлығы 20-дан аса  мұрағаттар мен ғылыми кітапханаларынан анықталынған істердің саны 32000 мыңнан асады. Бұл істерді топтастырған құжаттар төмендегі мұрағат қорларында сақталған: Ресей Мемлекеттік көне актілер мұрағаты (РГАДА);  Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағаты (ГАРФ);   Ресей Мемлекеттік әскери тарихи мұрағаты (РГВИА); Ресей Мемлекеттік әскери мұрағаты (РГВА); Ресей Мемлекеттік экономикалық мұрағаты (РГАЭ);  Ресей Мемлекеттік әдебиет және өнер мұрағаты (РГАЛИ); Ресей Мемлекеттік әлеуметтік саяси тарих мұрағаты (РГАСПИ); Ресей Мемлекеттік кинофотоқұжаттар мұрағаты (РГА КФД); Ресей Мемлекеттік киноқұжаттар мұрағаты (РГАК);  Ресей Мемлекеттік дыбысқұжаттар  мұрағаты (РГАФ); Ресей Мемлекеттік тарихи мұрағаты (РГИА); Орталық Мемлекеттік тарихи мұрағат (ЦГИА); Орталық Мемлекеттік кинофотоқұжаттар мұрағаты (ЦГА КФД); Орынбор облысының мемлекеттік мұрағаты (ГАОО); Ресей Мемлекеттік сыртқы саяси мұрағаты (АВПРИ); Ресей Мемлекеттік фотоқұжаттар мұрағаты (РГАФ);  Дыбысжазбалар орталық мемлекеттік мұрағаты (ЦГАЗ); Мемлекеттік телерадио қоры (Гостелерадиофонд); РФ Башқұртстан Республикасның орталық мемлекеттік тарихи  мұрағаты (ЦГИА Республики Башкортостан); РФ Башқұртстан Республикасының А.Валиди атындағы Ұлттық кітапханасы (Нац. библиотека им. А. Валиди РФ Башкортостан); РФ. Татарстан Республикасының Ұлттық мұрағаты (Нац. архив РФ. Татарстан);  РФ. Татарстан Республикасы Мемлекеттік университетінің  Н.И.Лобачев атындағы ғылыми кітапханасы (Науч. биб. им. Н.И.Лобачева гос. университета РФ. Татарстан.). Бұл мұрағат мекемелері ішінен тарихымыз бен мәдениетіміз хақында көптеген деректерді қойнауында сақтап жатқан мұрағаттар: Орынбор қаласында орналасқан,  Орынбор облысының мемлекеттік мұрағатында (ГАОО) -9327 іс,    Санкт-Петербург қаласындағы Ресей Мемлекеттік тарихи мұрағатында (РГИА) -6897 іс.   Құжаттардың саны жағынан аз айқындалған мұрағаттар: Ресей Мемлекеттік әдебиет және өнер мұрағаты (РГАЛИ) -38 іс, болса ал Ресей Мемлекеттік киноқұжаттар мұрағатынан (РГАК)- 54 іс,  Ресей Мемлекеттік фотоқұжаттар мұрағатынан (РГАФ)-56 іс.

Жалпы Ақпарат және мұрағат комитеті тарапынан ғылыми-зерттеу экспедициялары  жоғарыда көрсетілген мұрағаттарға  2002 жылы 10,  2003 жылы 8 , 2004 жылы 4,  2005 жылы 3 мәрте ұйымдастырылған. Ұйымдастырылған экспедиция мүшелері құрамын негізінен, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалымдары мен аға ғылыми қызметкерлері құрайды.  Енді Ресей Федерациясының мұрағаттар мен кітапханаларына жасалған ғылыми-зерттеу экспедицияларының қорытынды есептеріне  шолу жасап көрелік. Тұтастай алғанда ғылыми-зерттеу экспедиция есептері, ғылыми сипатқа неізделгенімен, мұнда бірізділік жоқ. Мамандар есебі  түрлі формада жазылған. Белгіленген формаға сай талаптар, есептердің барлығында бірдей сақталмаған.  Айталық,  2002 жылдың есептері ішінде: Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкерлері С.К.Рүстемов және А.Т.Қапаеваның   Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағатына, Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих мұрағатына және Ресей мемлекеттік әскери мұрағатына, Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер мұрағатына  жасалған ғылыми-зерттеу экспедиция есептерінде қарастырылған қорлар туралы (қай аралықты қамтитынын, қорлардағы құжаттардың маңыздылығын) ашып жазбаған, қор тізімдемелерінде жинақталған  істер кесте бойынша берілмеген.  2003 жылғы есебтерде де тізімдемердегі істерді кесте бойынша бермеген есептер кездеседі.  2004 жылғы К.Л.Себепбаеваның есебі өте қысқа жазылған. Мұнда құнды деп саналатын қорларды көрсеткенмен, олардың мағынысын ашып жазбаған және қорлар қай аралықты қамтитыны көрсетілмеген. Осы жылы жазылған В.З.Галиевтың есебі қосымшасымен бірге бірігіп 20 бетті құраған. 2005 жылғы Г.М.Қаратаеваның есебінде қорлардың  мағынасы ашып көрсетілмеген және қор тізімдемелеріндегі жинақталған  істер кестемен берілмеген.

Дегенмен есептеріне көңілің толып, шіркін барлығы осы  үлгімен жазылса дегізетін есептер де кездеседі. Мұндай есептерде ғылыми-зерттеу экспедицияның қай бағдарламаны басшылыққа алып ұйымдастырылғаны, іссапар мақсаты, ғылыми-ізденіс нәтижелері,  есеп қорытындысы мен ұсыныстар  нақты жазылып, қосымшасы кестемен көрсетілген (тіпті құжат тілі мен бет сандарын қорытындылап жазған). Мұндай есептер қатарына: Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының т.ғ.к., доцент С. Ф. Мәжитовтың (2002 ж. РФММ, РМКАМ, РМӘТМ, РМӘМ мұрағаттарына жасаған іссапар есебі), аталған институттың ғылыми қызметкері С.Т.Казиевтің (2002 ж. РМӘМ, РМӘСТМ, РМЭМ мұрағаттарына жасаған іссапар есебі), Мұрағаттар мен құжаттама басқармасы комитетінің бас маманы Ғ.Т.Исаханның  (2003 ж. Санкт-Петербург қаласындағы Орталық Мемлекеттік кинофотоқұжаттар мұрағатына жасалған іссапар есебі), Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағат директоры Б.Т.Жанаевтың (2003 ж. Орынбор облысының Мемлекеттік мұрағатына жасалған ғылыми-зерттеу экспедициясының есебі), Мұрағаттар мен құжаттама басқармасы комитетінің  басты маманы Л.Н. Гудкованың (2004 ж. РМКАМ жасаған іссапар есебі), Шығыс Қазақстан облысы Құжаттама орталығының, мұрағат құжаттарын пайдалану мен технологиялар бөлімінің меңгерушісі Б.У.Түсүнбаеваның (2005 ж. РМӘМ, РФММ, Ресей мемлекеттік кітапханасына жасаған іссапар есебі) есептерін жатқыза аламыз.

Біз күнделікті жұмыс барысында Ресей Федациясы мұрағаттары мен кітапханаларынан қазақ тарихына қатысты табылған және сатып алынған құжаттар тізімін Ұлттық орталықтың мәліметтер базасына енгізуде, аталмыш есептермен еріксіз жұмыс жасауға мәжбүрміз. Сондықтан анықталған қорлардың, тізімдемелердің, істердің (қор, тізімдеменің тақырыптары, жылдары,  істің тақырыбы мен бет саны, жазылған тілі, құжаттың түпнұсқа немесе көшірме екені), егер құжат кітап түрінде кездессе, онда міндетті түрде томдары, жылы, кітаптың қысқаша мазмұны  нақты көрсетілсе дейміз.  Себебі  қолға мәлімет қалай түссе, біз сол күйінде деректер базасына енгізуге міндеттіміз. Кейде қор, тізімдеме, істердің  нөмірі, тақырыбы көрсетілмей қалып кетіп жатады. Мұндай құжаттарды іздестіру қиындық тудыруы анық. Сондықтан біз мұндай құжаттарды «нөмірі көрсетілмеген, тақырыбы жоқ» деп енгізуге мәжбүрміз.  Ал сипаты  нақтыланған құжаттар,  деректер базасына енгізілу барысында еш қиындық тудырмай, қатесіз оңай кіріп, табылуға да жеңіл болмақ. 

  Ұлттық орталықтың болашақтағы міндеттерінің бірі – өз тұтынушыларына автоматтандырылған  ақпараттық жүйедегі ең озық электронды ғылыми анықтамалық ақпарат қызметін ұсыну. Деректер базасына түскен мәліметтер сипатына қарай жүйеленіп, жіктеліп тұтынушының  ақпаратты іздестіру  қызметін жеңілдетпек.

Баяндаманы қортындылай келе  айтайын дегенім, қай іске болмасын  нақтылық, дәлдік басшылық етеді. Көп жазғаннан нақты жазған, көп сөйлегеннен дөп сөйлеген абзал. Осыдан туатын ұсыныс: келешекте Ақпарат және мұрағат комитеті мамандары шет елдерге жасалатын ғылыми-зерттеу экспедициялары мен іссапарларының есебіне қойылатын талаптарын  арнайы үлгімен баспадан шығарып, көпшілікті хабардар етсе.