Тіркелу   Забыли пароль?


Қадырова Л.Қ. Семей мұрағатындағы Алашорда үкіметінің іс қағаздары жайлы.




СЕМЕЙ МҰРАҒАТЫНДАҒЫ АЛАШОРДА ҮКІМЕТІНІҢ

 ІС ҚАҒАЗДАРЫ ЖАЙЛЫ

 

Л.Қ. Қадырова,

Қазіргі заман тарихы құжаттамасы орталығының археографы

Семей қ.

 

Семей қаласы тарихқа аса бай, қазақтың біртуар перзенттері Абай, Шәкәрім, Мұхтарлар дүниеге келген, Алаш деп атой салған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Ғаббасов, Райымжан Мәрсеков, Ахметжан Қозбағаров, Мұхамеджан Тынышбаев сияқты Алаш көсемдерінің ізі қалған қасиетті жер.

 Осындай қасиетті өлкенің бай тарихын, қазіргі ұрпаққа, келер ұрпаққа жеткізетін мұрағаттағы құжаттар деп есептейміз. Қазақ өлкесінде 1917-1919 жылдары елеулі түрде саяси маңызды орын алған Алашорда үкіметінің тарихи қызметі ғылыми түрде терең зерттеліп келе жатыр. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін Алашорда үкіметі, Алаш  қозғалысы жайлы деректер баспа беттерінде жарық көре бастады. Оған бірнеше зерттеуші ғалымдар, мамандар өздерінің үлесін қосуда.

Алашорда қозғалысы тарихының деректемелік негіздерінің алғашқы ғылыми жіктелу үлгісі зерттеушілер Д.Аманжолова, К.Нұрпейісов және М.Қойгелдиевтің еңбектерінде көрсетілген.

 Зерттеуші К.Нұрпейісов «Алаш һәм Алашорда» деген еңбегінде деректерді төрт топқа бөліп көрсетеді:

  1. 20-30-шы жылдарда жеке жинақтарда жарияланған деректер;
  2. 1913-1918 жылдарда қазақ ұлттық баспасөзінде жарық көрген деректер;
  3. Қазақстанның, Ресейдің, Америка Құрама Штаттарының, Францияның, Түркияның т.б. елдердің мұрағаттары мен кітапханаларында сақталған деректер;
  4. Алаш қозғалысының Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Мұстафа Шоқайұлы, Мұхаметжан Тынышбаев сияқты жетекші қайраткерлерінің жеке мұрағаттары мен жарияланған еңбектерінде кездесетін деректемелер.

Ал қазіргі кезде Алашорда қозғалысының қызметін жан-жақты көрсететін құжаттар жинағын жаңа деректер негізінде шығару қажеттігі және оның алынатын көздері туралы айтылуда. Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметінің тарихына арналған құжаттар жинағы 1929 жылы жарық көргені белгілі. Демек Алаш үкіметінің қызметін терең, жан-жақты етіп көрсететін құжаттар жинағының негізгі көзі Семей қаласындағы Қазіргі Заман Тарихы Құжаттамасы орталығында сақталған. Оның басты себебі Алаш автономиясының орталығы Семей қаласы болғаны, яғни қаланың қазіргі Жаңа Семей деп аталатын бөлігі  Алаш деп аталғаны. Мұрағатта Алашорда үкіметінің, Семей облыстық және уездік Алашорда комитетінің және Алаш қайраткерлерінің қызметтеріне қатысы бар құжаттар сақталған. Осы тектес құжаттардың түпнұсқасы құжаттардың ғылыми құндылықтарын арттыратыны сөзсіз. Алаш қозғалысына, Алаш үкіметіне қатысты деректі құжаттарды төмендегідей мұрағаттық қорлардан кездестіреміз. Ол – Бүкілресейлік Уақытша Үкіметтің Семей облыстық басқарушысы ( 48 қор), Бүкілресейлік Уақытша Үкіметтің Семей уездік басқарушысы (50 қор), Семей губерниялық соты (266 қор), Семей губерниялық жұмысшы, шаруа және Қызыл әскер депутаттары кеңесінің атқару комитеті (73 қор), Семей губерниялық төңкерістік комитеті (72 қор), Алаш жұмысшы, шаруа және қырғыз депутаттары кеңесі (134 қор), Алаш қалалық қоғамдық басқармасы (133 қор), Семей уездік земство басқармасы (37 қор). Осы аталған қорларда Алаш көсемдері Ә.Бөкейханов, М.Дулатов,  А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, Х.Ғаббасов, Р. Мәрсеков, Б.Сәрсенов, А.Қозбағаров, М.Боштаевтың қолтаңбалары қойылған бағалы іс-қағаздары сақталып отыр. Мысалы, әрі маңызды, әрі қызықты құжаттардың бірі Алаш әскери ұйымы (милиция) жасақтарын құру және жабдықтау мәселесіне қатысты деректер. Алашорда үкіметінің басты міндеттерінің бірі - ұлттық әскери (милиция жасағын) құруды іске асыру болатын. «Заречная слободка» деп аталып жүрген қаланың бір бөлігі 1917 жылдың желтоқсан айынан бастап Алаш қаласы аталды да, сол Алаш қаласы маңында І-ші Алаш атты әскер полкі құрыла бастайды. Ең алғаш топқа қазақ жастары тартылады, оның ішінде қалада оқып жүрген семинария студенттері, отбасын құрмаған, яғни үйленбеген түрлі орындарда жұмыс істеп жүрген жастар болды. Сақталған құжатта І-ші Алаш атты әскер полкі қатарына 18 болыстан шақырылған 430-дан астам жауынгер жастардың аты-жөні жазылған тізім бар. Тізім ішінде М.О.Әуезов, Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, А.Қозбағаров, М.Тұрғанбаев, Ы.Мұстамбаев, ұлы Абайдың баласы Ибрагимов Тұрағұл да кездеседі. Ал 74-ші қор 26-шы істе Семей округі Шыңғыстау ауданының қуғын-сүргінге ұшыраған, тінтуге алынған 230 азаматының тізімін көреміз. Бұл азаматтардың барлығына Алашордашыл деген айып тағылған.

     Сонымен қатар Семейдегі Алаштанушы азаматтарымыздың бірі Е.Сайлаубай мұрағатымызда сақталған құнды құжаттарды бірнеше мағыналы топқа бөліп көрсетіп жазады: 1) Алаш әскери ұйымын құру және жабдықтау; 2) Алашорда үкіметінің және жергілікті ісіндегі түрлі саяси күштермен саяси-экономикалық қарым-қатынас (облыстық комиссариат, облыстық басқарушы, облыстық земство, уездік земство, қалалық дума, т.т.); 3) Алашорда үкіметі және Қазақ облыстық соты; 4) Алашорда үкіметінің орталық және жергілікті Колчак үкіметімен арақатынастық байланысын көрсететін құжаттар. Жалпы айтқанда, Алашорда үкіметінің ең елеулі, басты бағытты  мақсат-міндеттерінің бірі – ұлттық әскери жасағын (милиция ) құруды іске асырып орындау болды. Осы міндеттің шешілу жолын айқындап, зерттеуге мұрағаттағы құжаттар негіз болады. Сонымен бірге Алашорда үкіметінің кеңселік іс-қағаздарының мөрлері, штамптері басылған құжаттар көптеп саналады. Құжаттарға сүйенсек, Алашорданың кеңселік іс-қағаздарының қолданылуы 1918 жылдың маусым айынан бастап, 1919 жылдың қазан айына дейінгі уақытты қамтиды.

     Кеңселік іс-қағаздарының бланктері  әр түрлі сипатта болып келеді.

  1. Алашорда үкіметі мен Семей облыстық Алашорда комитеті кеңселік іс-қағаздары бланктері түсі ақ, қалың, ал Алаш әскери ұйымы штабы қолданған бланктер сары, жұқа, көлемі жағынан кішірек болып келеді;

         2. Алашорда үкіметі мен Семей облыстық Алашорда комитеті бланк қағаздарының көлемі өзгермелі.

         3. Бланктерде  сол жағында штамптер басылған.

 Штамптердегі жазулардың мәтіні қазақ және орыс тілдерінде. Ал құжатқа қойылған мөрлерде қазақ және орыс тілдерінде, арабша төте жазылған жазуларды байқауға болады. Жалпы қойылған мөрлердің түсі, сиясы күлгін, ашық көк болып келген. Алашорда үкіметінің мөрі 1918 жылдың маусым айынан қазан айына дейінгі кеңселік іс-қағаздар бланктеріне қойылған екен, ал Семей облыстық Алашорда комитетінің мөрі 1919 жылдың қыркүйек, қараша айларындағы іс-қағаздарына қойылған. Осы құжаттарға қарап Алашорда үкіметінің кеңселік іс-қағаздарының толтырылу мазмұнына сәйкес, осы үкіметтің атқарған қызметтерін көруге болады.

Тағы бір айта кететін мәселе бұл Алашорда үкіметінің ресейлік аймақтық үкіметтермен қарым-қатынас жасауы және үлкен саяси күштермен арасындағы байланысты айқындайтын деректер мұрағат қорынан табылады. Мысалы, Сібір Облыстық Кеңесі (Сібір думасы және Сібір автономиясы атауларымен де белгілі желтоқсан 1917 жыл-қаңтар 1918 жыл), Сібір Уақытша үкіметі («Уақытша Бүкілресейлік үкімет» деп аталған маусым-қазан 1918 жыл), Самара Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті

(«Комуч» үкіметі, маусым-тамыз 1918 жыл ), Уфа Директориясы (қыркүйек –қараша 1918 жыл), Колчак үкіметі (қараша 1918 жыл-желтоқсан 1919 жыл) және Кеңес өкіметі (ақпан –маусым 1918 жыл). Сонымен қатар аталған саяси күштердің жергілікті бөлімдерімен арақатынастық сипатын көрсететін де - осы құжаттар.

1916 жылы 28 қарашада бекітілген Алаш қаласының жоспары, Алаш Орда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхановтың өз қолымен жазған құжаттың түпнұсқасы толық сақталып отыр. Бұл айтылғандар Алаш қозғалысына қатысты деректердің тек жартысы ғана, оны бір сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Дегенмен мұрағат қорларындағы баға жетпес, құнды дерек құжаттарға үңілсек, өткен дәуір, елім-жерім, халқым деп алдыға шыққан Алаш қайраткерлерінің ерлік істері көзіңе елестейді.

1917 жылы Ақпан төңкерісі кезінде патша өкіметі құлап, бостандық алған қазақ елінде билік тізгінін қолға алған Алаш партиясы, Алашорда үкіметінің ұстанған алғашқы саясатының бірі – қарапайым халықты білім мен өнерге үйрету еді. Семейдің сол жақ бөлігіндегі қазіргі Жаңасемей қаласы 1917-1927 жылдар аралығында, он жылға жуық Алаш қаласы деп аталып келгені жоғарыда айтылды. Алғашқы қазақ мектептерінің осы Алаш қаласында іргесі қаланып, ресми тілде Алаш мектептері деген атауға ие болды.

Алаш мектептері жайлы айтқанда, ең бірінші Семейде ұлттық білім беру жүйесінің негізін қалаған Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Мәннан Тұрғанбаев, Қаныш Сәтбаев, Тайыр Жомартбаев, Сейітбаттал Мұстафин, Хайролла Ибрагимов секілді қазақ зиялыларын атап өткен  абзал. Ұлттық білім беру саласындағы күрделі мәселелерді шешу мақсатында, Семейде Оқытушылар ұйымы құрылады. Оған төраға болып Мәннан Тұрғанбаев,  ал хатшылыққа Мұхтар Әуезов тағайындалады. Осы ұйым ұлт мектептері үшін «Бастауыш мектептің оқу бағдарламасын» дайындап, таратады. 1918 жылдың 25 қарашасындағы Семей оқытушылар ұйымының білім беруге байланысты мәселелерді шешу мақсатында Семей уездік Земство басқармасына жолдаған №221 қатынас қағазында: «Семей уездік земство басқармасы төрағасының өтінішіне сәйкес қырғыз мұғалімдер ұйымы осы жылдың 25 қарашасында халықтық білім беру бойынша уездік бөлім кеңесіне келесі үш өкілді жіберу туралы шешім қабылдады: Мәннан Тұрғанбаев, Қаныш Сәтбаев, Сейітбаттал Мұстафин» делінген. Осы қатынас қағазға «Ұйым төрағасы» деп Сейітбаттал Мұстафин, ал «Хатшы» деп Қаныш Сәтбаев қол қойған.

Сол сияқты Семей уездік Земство басқармасы халыққа білім беру жөніндегі бөлімнің Алаш мұғалімдері мен Алаш мектептеріне қатысты қаулысы, шешімдері, қатынас қағаздары біздің мұрағатымызда көптеп кездеседі. Тағы бір құжатта: 1918 жылдың 8 қазанында кешкі сағат 5-те өтетін жиынға Алаш мектептерінің бір топ мұғалімдерін Қ.Қоскеев, Ғ.Дәулетияров, С.Мұстафин, Х.Ибрагимов т.б шақырғаны туралы айтылады. Бұдан басқа Семей уездік Земство басқармасы халыққа білім беру жөніндегі бөлімнің Алаш қаласында мұғалімдер даярлайтын қысқа мерзімді курстар ашу, оған меңгерушілікке Мәннан Тұрғанбаевты, оқытушылыққа Қаныш Сәтбаевты, Сейітбаттал Мұстафинді тағайындау, туралы шешімді кездестіреміз. Жалпы Семейде екіжылдық Алаш педагогикалық курсының меңгерушісі болып Мәннан Тұрғанбаев қызмет атқарса, Жүсіпбек Аймауытов, Нығметолла Күзембаев, Сейітбаттал Мұстафин, А.Иманбековтер сабақ берді. Семей уезіндегі 17 мектептің 17 мұғалімі тізімінің ішінде Алаш қаласындағы №11 бастауыш қазақ мектебі ұжымының атынан Хайролла Ибрагимов, ал қазақ қыздары мектебінің  ұжымы атынан оның жұбайы Жұмабике Ибрагимова қол қойған құжатта бар.(қор-415,т.2, іс-643). 1919 жылы желтоқсан айында Семейде кеңес өкіметі орнап, Семей губерниялық төңкерістік комитеті құрылғанда Мұхтар Әуезов осы комитеттің қазақ бөліміне (бұратана бөлімі) басшылық жасайды. Сол кезден бастап ұлы Мұхтардың басқаруымен Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев Ыдырыс Мұстанбаев сияқты қазақ ойшылдары ұлттық білім беру жүйесінің негізін қалауға ат салысты. Мұхтардан кейін 1921 жылы Семей губерниялық атқару комитетінің халыққа білім беру бөлімінің бастығы Жүсіпбек Аймауытов, оның орынбасары болып Қаныш Сәтбаев қызмет атқарады. 1920 жылы 1 қазанда Семейде тұңғыш педагогикалық жоғары оқу орны - Семей халыққа білім беру институты ашылып, жұмыс істей бастайды. 1921 жылы онда 19 қызметкер, 129 тыңдаушы болды. Осы жылы ақпан айында бастауыш қазақ мектептерінің мұғалімдерін даярлайтын арнайы бөлімше ашылады.

       1919-1920 жылдары Семейде жоғары және арнайы орта білім беретін оқу орындарын айтпағанда 19 орыс, 11 мұсылман (қазақ, татар) мектептері жұмыс істеді. Ал Алаш қаласында таза үш қазақ мектебі және бір мұсылман мектебі болды. 1920-1921 оқу жылында Семей және Алаш қалаларындағы бастауыш қазақ мектептерінің саны алтыға жетіп, онда 15 мұғалім сабақ берді, 364 оқушы білім алды. Семей қаласындағы №1 кеңес қазақ мектебінде Сұлтан Оспанов, №2 кеңес қазақ мектебінде Құсайын Өтегенов, №4 кеңес қазақ мектебінде ерлі-зайыпты Абзал мен Тайба Жиенғалиевтер, Ғабдрахман Бекметов, Мырзахмет Әділов, Алаш қаласындағы №1 кеңес татар мектебінде Хадий Мусин, №2 кеңес татар мектебінде Н.Ғабдусалямова, №11 кеңес қазақ мектебінде Кәбір Махмұдов, М.Тарабаев, Латиф Ашкеев, №12 кеңес қазақ мектебінде Жұмабике Ибрагимова, Оразбибі Махмұдова, №13 кеңес қазақ мектебінде Хайролла Ибрагимов, Ғалиақпар Төребаев, Ибрагим Сақатаев мұғалімдік қызмет жасады. Семей губерниялық халыққа білім беру бөлімінің 1921 жылдың 1 мамырындағы 1-ші және 2-ші сатылы бұратана мектептері, олардағы оқытушылар мен оқушылар саны туралы мәліметінде Семей қаласында жалпы 23 мектеп, 64 мұғалім және 1599 оқушы, ал Семей уезінде 63 мектеп, 77 мұғалім және 2234 оқушының бары мұрағат құжаттарының 415-ші қорында айтылады.

         1923-1924 оқу жылында Семей уезінде, оның ішінде Семей қаласында, Алаш қаласында қазақ мектептері саны айтарлықтай өседі. Мысалы, Семей және Алаш қалаларындағы №8 қазақ мектебінде Нұрахман Тұрғанбаев меңгеруші болып, Өзбекхан Оразханов, Сүлеймен Құжабаев, Елена Брадская оқытушы болып қызмет атқарады.

          Алаш қаласындағы алғашқы №11 және №12 бастауыш қазақ мектептерінің меңгерушілері Кәбір Махмұдов пен Хайролла Ибрагимов жайлы мұрағатымызда баға жетпес құнды деректер сақталынып отыр. Мысалы, Семей губерниясы Шығыс уезінің №2 ауылының тумасы Кәбір Махмұдов оның жұбайы Оразбибі Махмұдова 1919 жылы екі жылдық Алаш педагогикалық курсын аяқтап, мұғалімдік мамандық алып шығады. Өз уақытында олар М.Әуезов пен Қ.Сәтбаевтар құрған «Ес-аймақ» мәдени-ағарту ұйымының белсенді мүшелері болған. Көптеген ойын-сауықтарға қатысып сахналық көріністе кейіпкерлердің рөльдерін сомдаған. Ал Алаш мұғалімі, қарт ұстаз Хайролла Ибрагимов жайлы айтатын болсақ, ол бүкіл өмірін ұстаздыққа арнап, шәкірттерінің зор алғысына бөленген қазақ зиялысының бірі. 1916 жылы Уфадағы «Ғалия» медресесін бітірген. Жазушы, ғалым Қайым Мұхамедхановтың алғашқы ұстазы болған. 1947 жылы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» атағына ие болып, 1949 жылы Ленин орденімен марапатталады. Қоғам қайраткері, қарт ұстаз, ұлттық білім беру жүйесінің іргетасын қалаушылардың бірі Хайролла Ибрагимов 1966 жылы 85 жасында қайтыс болады.

  Сонымен қатар педагог-ағартушы Нәзипа Құлжанова, Оразбибі Махмұдова, Жұмабике Ибрагимова, Жәмилә Кәрімова, Айтбану Көркембаева, Бәтимә Татубаева тәрізді алғашқы қазақ әйел мұғалімдерінің Алаш мектептерін қалыптастырудағы қажырлы еңбектерін, бала тәрбиесінде төккен маңдайтерлерін, өз ұлтына деген сүйіспеншіліктерін мұрағатымыздағы өткен тарихты көзге елестететін, құнды құжат парақтарынан көре аламыз. Қазірде біздің тәуелсіз мемлекет болып, егемендігіміздің туы аспанға желбіреп, ана тіліміздің мемлекеттік тілге айналуына, сол кездегі Алашорда үкіметінің құрған саясаты, Алаш көсемдерінің баға жетпес, таусылмас еңбектері бірден-бір себеп болды. Сөз соңында айтарымыз тарихта аты өшпейтін, мәңгілікке болашақ ұрпаққа, дастан болып қалатын Алашорда көсемдерінің, Алаш партиясының, Алаш үкіметінің қажырлы еңбектерін ешкім де, ешқашан да ұмытпақ емес.