Тіркелу   Забыли пароль?


Қабдоллаева Р.С. Тарихи романдағы мұрағат материалдарының алатын орны




Тарихи романдағы мұрағат материалдарының алатын орны

 

Қабдоллаева Р.С.,

ҚР Президенттік мәдениет орталығының

ғылыми қызметкері

 

Кеңес дәуірінде тарихымыздың аяусыз бұрмаланғаны қазіргі таңда бесенеден белгілі. Олай дейтініміз, республикадағы барлық құжаттар біржақты іріктелуінің салдарынан Қазақстанның шынайы тарихын бейнелейтін аса бағалы деректер мұрағатқа түспей, біржола жойылып отырды. Бірақ әділеттік, шындық жарыққа шырқырап шығатыны тағы да анық.

Өз өткенімізден, тарихымыздан көз жазып қалмас үшін мұрағаттың алар орны зор.

Мұрағат, архив (латынша - archivum) – тарихи маңызы бар құжаттар сақталатын мемлекеттік арнаулы мекеме. Мекемелердің ескі құжаттарын сақтайтын бөлімі немесе жеке тұлғаның өмірі мен қызметіне байланысты жинақталған жәдігерлер жиынтығы да мұрағат делінеді.

Жазба деректерді жинастырып сақтау ісі тұңғыш рет Мысырда, Қытайда, Ежелгі Грекияда, Римде, тағы басқа елдерде мемлекеттік дәрежеде қолға алынды. Қазақстанда дербес мұрағаттың пайда болуы Бөкей Ордасы мұрағатымен байланысты (ХVІІІ ғасыр). Қазақстандағы мұрағат жүйесі (республикалық, салалық, аймақтық, тағы сол сияқты) негізінен ХХ ғасырдың 20-30-жылдары қалыптасты. Ұлттық мұрағат ісінің бастауында А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, М.Жолдыбаев сынды мәдениет қайраткерлері тұрды[1;456].

Мұрағат тарих пен мемлекеттік-құқықтық тәжірибенің ұштасқан тұсында пайда болып, қосалқы тарихи пән ретінде қалыптасып, кейін тарих ғылымының қосымша саласына айналды. Мұрағат тек тарихпен ғана шектеліп қоймай, көркем әдебиетте де ерекше өзіндік орын алады. Олай дейтініміз, тарихи роман жазу үшін жазушыға көп іздену қажет. Оны естіген аңыз-әңгімесі ғана қанағаттандыра алмайды. Тарихи тұлғаны тудыратын тарихи оқиға болатын болса, жазушыға оқиға өткен орынды, жерді көру қажет. Қолмен қойғандай анық болу үшін мұрағат құжаттарының маңызы зор. Талай қиындықтар мен тер төгулерден кейін ғана жинақталған материалдардан қорытылып, өңделіп тарихи роман туындайтыны шығармашылық жолындағы әрбір ізденушіге мәлім жай. Осыған нақты дәлел Н.Әбуталиевтің «Наркескен», Б.Аманшиннің «Махамбеттің тағдыры» тарихи романдарын тілге тиек еткелі отырмыз.

 Тарихшылардың Жәңгір хан туралы субъективті пікірлерінде қарама-қайшылық болса да, жазушы тарихи тұлға ретінде кейіпкерімізді өзінше сомдай білген.

Қараойда жалғызсырап, қамығып жүргенде үш жолаушы келіп түсіп, ел жаңалықтарын айтады. Махамбет ханның шаштараз қолынан қаза тапқанын естіп қиналады. өйткені, Исатайдың, сарбаздардың кегін өз қолымен алуды армандап жүр еді. Жазушы Байтабынның сөзі арқылы Жәңгір мен оның ата-бабасына «баға» беріп тастағандай болады.

            «Кеше түнде осында бір лақса кәріп шалды ертіп Байтабын келген.

Сондағы әңгіме есіне түсті.

 - «Тау арқалаудан хан арқалау ауыр» деуші еді, қақтығып жүрген бұралқы біреу өлтіріпті, «ханның өлімі – қатыннан» деген сол, - деп сөзге әлгі лақса шал да араласқан.

 - Ол рас, ақ бата, қызыл қан атқан еді. Жәңгірдің салған ойраны мен жасаған озбырлығы әкесі Бөкейден, атасы Айшуақтан да асып кетіп еді, - деді  Байтабын»[2;148], дейді.

Ал, Жәңгір хан елге тек қана озбырлық істеген бе, әлде оның басқа жақсы жақтары болды ма, соны қарастырайық.

            К.Есмағамбетовтың пікірін келтірсек:

«Мұрағат деректерімен, сол кездегі Бөкей ордасының әлеуметтік-экономикалық жағдай жөніндегі тиісті статистикалық материалдармен таныс авторларға құлақ асалық. Н.И. Веселовскийдің ресми құжаттарға сүйене отырып жасаған қорытындысына қарағанда: «1806 жылғы Ереже бойынша барлық жерлер қазақтардың пайдалануына берілген. Еділ мен Жайық аралығындағы жерлерді Жәңгір өзі иемденді: 400 мың десятина жерді өзі алды, қалғандарын туысқандары мен ұнатқан адамдарына сыйлыққа тартты, не болмаса сатты. Қазақтар бұрынғы өз жерлерін жалға алып, ақша төлеуге мәжбүр болды. Жәңгірдің басқаруы кезінде Орда гүлденген жоқ, ханнан да, оның көңілін тапқандар тарапынан да жүргізілген алым-салықтан, парақорлықтан, әділетсіздік пен қуғындаушылықтан жапа шекті».

Осы жағдайды А.Е.Алекторов та қайталайды. 1892 жылы жарияланған бір мақаласында ол ханның тағы бір қырын ашып көрсетеді. «өз кірісін көбейте түсу мақсатында пайдакүнем хан Жайықтың арғы бетінен көптеген отбасыларын өз жағына көшуге дем беріп отырады, осының нәтижесінде ішкі қазақтар саны 1812 жылы 7500 шаңырақтан 1845 жылы 22 000 шаңыраққа жетті. Осының салдарынан қазақтардың жерге мұқтаждығы өсе түсті[3;54]», - деген фактілерді тілге тиек етіп, Жәңгір ханның озбырлығын көрсетеді.

Ал, Р.Сариеваның Жәңгір хан туралы пікірі мынандай: «Ең алдымен Жәңгір Ресей отарлаушыларының қолшоқпары болды дейтін ханның жанын жаралайтын қисынсыз сөз әлі де қылаң беруі ретсіз. Себебі, оны Жәңгірдің «орыстарға бізше малдас құрып отыру қиын болғанымен, біздің жерден қанарлап алтын тасу жеңіл» /Саратов губернелік ведомосі, 1845ж. №49 467-470 п./ деген бір ауыз сөзімен-ақ түйіндеуге болады. Оның үстіне Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовскийдің Ресей мүлік министрі П.Д.Киселевке: «Ресей үкіметі Жәңгірдің ішкі орданы басқаруынан ұту былай тұрсын, қайта көп нәрседен айырылды. Жәңгір Ресей патшасына сенімді және игілікті қызметші ретінде еңбек етпеді, оның ішкі орданы басқаруы Ресейге пайда келтірмей, керісінше орасан зор зиян келтіргендей әрекет еткен… Жәңгір жоғарғы үкіметті теріс бағытқа әкеліп, адастырды» деп /Ресей ЃА Петербор филиалы 157 қор, 2 тізімдемеде, 79 іс, 10-11п. және ҚРОММ 4 қор, 5 тізімдемеде, 3546 іс, 35 п./ тісін қайрап жазуы Жәңгірдің отарлаушыларға қолшоқпар, халқына «қасқыр» болмағандығын нақты дәлелдесе керек[4;63].

Осы орайда, біз тағыда К.Есмағамбетовтың сөзіне сүйенеміз: «Әрине, қоғамдық құбылыстар мен тарихи оқиғаларды тек қана таптық күрестің тар аясында қарастыру тарихи таным мүмкіндіктеріне шектеу қоятындығын, кейде бұрмалаушылыққа да ұшырататындығын теріске шығаруға болмайды. Әңгіме, қалай десек те, қай заманда да тарихи материалдарды тиісті дерек көздерін тауып, сұрыптауға, оларды ішкі, сыртқы екшеуден өткізіп, объективтік тұрғыдан пайымдауға барып тіреледі»[3;51-52].

Біздің мақсатымыз, кейіпкерімізді мақтап немесе даттау емес. Тек тарихи романның көтерген мәселесіне кейінгі кездегі ізденістер мен жаңалықтар, жаңа көзқарастардың көбеюімен, шығарманың әлі күнге өз құндылығын жоймағандығын көрсету.

Тағы да тарихи деректерге сүйенсек:

            “Сот тергеуінде Махамбет өзіне тағылған айыпты үзілді-кесілді мойындамады. Оның айтуында:

1838 жылы қазақтар Орынбор линиясынан қасындағы бірнеше атты-казактарымен Шустиков деген хорунжийді тұтқынға алып кеткенде, соларды босатуға көмектесті. Осы тұтқындарды босатып алу мақсатымен елге шыққан Айтов поручикке жол бастаушы адамын қосып берді, - деп патша өкіметіне қарсы дау соқты”[5;289].

Архивте осы оқиғаны, яғни Шустиков отрядының тұтқынға түсуін, оны Айтовтың барып босатып алуын баяндайтын көптеген документтер сақтаулы, жоғарыда қарастырған романдарда да берілген. Бірақ Махамбет пен Шустиков арасындағы диалог берілмеген. Шустиковты Балабектер ұстап әкеледі.

“ – Ал капитан, бізге не айтасың? – деді Махамбет. – Шу аздап басылайын деді. – Сендерді генерал Перовский біздің жаққа не үшін жіберді?

Сенің қарақшылық істеріңе көз жеткізу үшін, Махамбет! – деді офицер.

Дауысың таныс өзіңнің! Кімсің? – деді Махамбет тұтқынның бетіне үңіле қарап.

Капитан Шустиковпын, - деді офицер.

 - Бұрынғы поручиксің ғой?! – деп кесіп айтты Махамбет”, - деп жазушы диалогты көңілге қонымды етіп бере білген. Кейінірек Махамбет қапыда ұсталғанда темір торлы түрмеден осы Шустиков қашырып жібереді. Шустиков тек қана әмірді орындаушы ғана болып суреттеледі.

Ал, Б.Аманшиннің «Махамбеттің тағдыры» романында: «Орынбор губернаторының жанында дербес істерді атқарушы офицер, надворный советник В.И.Даль Ішкі ордаға бұл сапарында губернатордың құпия тапсырмасымен келген еді»[5;131] – делінген. Ондағы мақсаты Хиуадан Аллақұл ханның сарайында Шекспир, Аббат деген екі ағылшын пайда болыпты, солардың негізгі ойларын білу еді. Бұл тапсырылған жұмыс оған ұнады да, өйткені ол емін-еркін өз жұмыстарымен, яғни халық ауыз әдебиетін жинастырумен айналыса алатын болды.

Жәрмеңкеге қазақтың ақын, жыршы, домбырашылары да келетіні сөзсіз еді. Бұл елде ерте заманда Асан Қайғы деген ақылгөй ақыны өткен деседі. Орынборда Меновой Дворда бір жолы Маңғыстаудың адайларынан естігені бар. Өлеңдерінің сарыны «Слово о полку Игороведегі» Святославтың алтын сөзіне ұқсаңқырайды екен. Ол жолы, әттең, жазып ала алмап еді, мүмкін ол адай шал осы сапарда жәрмеңкеде кездесіп қалар. Қазтуған, Шалкиіз деген жыраулары болыпты тағы… Өлең-жырға, ән мен күйге неткен бай халық еді бұл киргиз дегенің?! «Киргиз» дегенді қайдан алған? Өздерін бұлар «қазақпыз» дейді. «Қобыланды», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Шора батыр» жайындағы дастандары «Илья Муромец», «Добрыня Никития» былинияларынан кем емес. Тарихқа жанастығы олардан да айқынырақ – көбінің есімдері көне орыс летописьтерінде шұбырып жүр. Сол төңіректен қазып, зерттеп көрер ме еді, шіркін. Ана жылы Пушкин Орынборға келіп, одан Текеге қарай жүріп бара жатқанында Елек бойындағы бір қазақ ауылында «Қозы Көрпеш-Баян Сұлуды» жырлағанды естіп, мықтап қызығып еді ғой. Орысша білетін бір сұлтанға қоярда-қоймай жаздырып алып еді ғой, бірақ сол терең ұқсатпады білем – бас-аяғы бір-екі парақ тым қысқа көрініп еді жазғаны [5;134]…

Міне, бұл Дальдің халық ауыз әдебиетіне деген қызығушылығынан дәлел екенін көреміз.

…Даль Махамбетпен осыдан үш жыл бұрын Петербордан Орынборға келген бойында-ақ танысқан – сол жолы Үйшік, Князь жағынан келе жатып, Ішкі орданы түгел аралап өткенінде ақын бір жұмадай мұның қасында болған. Даль Махамбеттен бір өлеңнің мағынасын сұрады:

«Толғай да толғай оқ атқан, он екі тұтам жай тартқан, қабырғасын қаусатқан, тебінгісін тесе атқан, тізгінінен кесе атқан…» дегенде, осының бас жағын қалай түсінуге болады? «Он екі тұтам жай тартқан» деген не сөз?

Махамбет әуелі орысшалап түсіндіріп бақты:

«Жай» дегені найзағай, молния – орысша, бірақ дәл найзағайдың өзі емес, батырдың атқан оғының сол найзағайдай жалт еткен, көз ілеспес шапшаңдығы мен өткірлігін айтқаным ғой.

Ендеше ол неге «он екі тұтам» болуы керек?

«Он екі тұтам» дегенім сөздің жай реті, ыңғайы ғой… Кім өлшеп қойды дейсің жайдың оғының ұзындығын? – деп Махамбет езу тартты. Сосын тағы: – Бұл … қазақтың ескі сөзі, бөлекше сөз… орысша мағынасын жеткізу мүмкін емес. Владимир Иванович, мағынасыз болып шығады [5;135]. Бұл жерден Махамбеттің орысша жақсы білетінін көрсек, Дальдің Махамбет сөзіне (өлеңіне) қызығушылығын көруге болады.

Исатай, Махамбеттің әділдік іздеп Дальге барғандығын тарихтан білеміз. Романда Даль Махамбеттің түрмеге түскеніне қатты қиналады, ақынның кісі өлтіруі мүмкін емес деп жәбірленеді. Осы жерде тарихтың тағы бір беті ашылады, ол бодандық саясатының бір қыры, яғни ханның өз әмірімен ешкімді орыс қамалында қаматып қоя алмайтындығы. Өйткені Әбілқайыр хан заманында Кіші жүз елі орыс патшасының құзырына қарағаннан кейін қазақ та Ресей азаматы қатарлы құқыққа ие болды да, енді оны патша заңының үкімінсіз ешкім бас еркінен айыра алмақ емес. Бұл тұрғыдан ханның мына қылығы заңсыз:Даль Махамбетті темір тордан алып шықпақ болып талпынады. Перовский бұйырып айтса да, Дальдің Махамбетке ара түспеске амалы жоқ еді. Бірақ ақынды Алексей Харчев қашырып жібереді. Осылай ақын Жәңгір ханның темір тырнағынан құтылып шығады. Дальдің әділдік үшін аянбайтынын көріп, Махамбет екеуін достыққа итермелеген де осы әділдік-ау дегің келетіні анық. Исатай мен Махамбет «губернатордың сенімді кісісі» Дальді мейлінше әділ, мейірімді, қара бұқараның сөзін сөйлегіш адам ретінде білді. Көтерілісші сарбаздар әскери губернатор Перовскийге жолдаған бір арызда: «… біздің қиын халімізді білмек үшін бұдан бұрын берген шағымдарымызды күллі халық алдында тексеретін шыншыл, әділ шенеуніктеріңізді жіберсеңіз екен. Әсіресе біздің  ол шағымдарымызды подполковник Даль мырза келіп тексергенін қалар едік» деп жазады. Бұл арызды Махамбеттің жазуы да әбден мүмкін.

В.И.Даль Орынборда 1833 жылдан 1840 жылға дейін, яғни Махамбеттің халық көтерілісінің көсемі, дауылпаз ақыны ретінде жарқырап шыққан кезеңінде қызмет етті. Жоғарыда айтқандай қазақ даласын қысы-жазы көп аралағанында бұл сапарлары кезінде Даль мен Махамбет екеуі әлденеше рет кездескен болу керек. Осы кездің бәрінде В.А.Перовскийдің хатшысы, сенімді адамдарының бірі В.И.Даль Орынбор өлкесінде болған оқиғалардың, өзі басы-қасында болған әңгімелердің барлығын мұқият жазып жүрген. Оның ең бірінші өмірбаянының авторы П.И.Мельников-Печерский Дальдің бұл жазбаларында қазақ даласы, оның халқының өмірі егжей-тегжейлі жазылғанын айтады. Бірақ Дальдің бұл аса бағалы жазбасы бізге жеткен жоқ, Дальдің оларды 1848 жылы басқа кейбір «пәлелі қағаздарымен» бірге өртеп жіберген. Мәскеу, Петербор архивтерінде сақтаулы Дальдің материалдарын қарағанымда, олардан Махамбеттің атын кездестіре алмағаным да сондықтан болса керек дейді зерттеуші [6;284].

            Бұл жерден байқайтынымыз, жазушы Мәскеу, Петербор мұрағаттарының материалдарына сүйенеді.  Даль жайлы аздаған материалдың өзі романға әжептеуір нұр беріп тұр. Мұндай мысалдарды көптеп кездестіруге болады. Тіпті, Махамбеттің хаттары, Жәңгір ханның хаттары, сол кездегі салық түрлері туралы құнды материалдарды да осы мұрағат материалдарынан таба аласыз. Көп ізденуді қажет ететін жазушылық кәсібіне мұрағат құжаттары таптырмайтын құнды қазына.

Қорыта келгенде айтарымыз, тарихи романдарда мұрағат материалдарының алатын орыны ерекше. Сондықтан мұрағатты толықтырып, еліміздің асыл қазынасын толтыра түсу бүгінгі күн үшін де, болашақ үшін де игілікті іс болмақ. Келешек ұрпақ үшін мұрағат материалдарын көздің қарашығындай сақтап, дамыта түскен абзал болар еді.

 

Сілтеме

1.Сүлеймен Ж. Архив. «Қазақстан». Ұлттық энциклопедия /Бас ред. Ғ.Нысанбаев. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы, 1998. – 720 бет.

2. Әбуталиев Н. Наркескен А.,1989

3. Сариева Р. Ішкі орда және патша үкіметінің отарлау саясаты// Ақиқат №9, 2001.

4. Есмағамбетов К. Азат рухтың күрескері А.,2003.

5.Аманшин Б. Махамбеттің тағдыры. А., 1991

6.Аманшин Б. Махамбеттің бабалары мен ұрпақтары (әдеби зерттеулер). А.,1991