Тіркелу   Забыли пароль?


2015/2. 60-62 б. Құлманова С.А. «Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында» ақпараттық анықтамалығының VIIтомы жайында. «Археография және деректану ұлттық орталығының хабарлары» журналы.




Сәуле Құлманова

 

 

 «ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ ШЕТЕЛ МҰРАҒАТТАРЫНДА» АҚПАРАТТЫҚ АНЫҚТАМАЛЫҒЫНЫҢ VII ТОМЫ ЖАЙЫНДА

 

 

Тарихшылардың алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі ғылыми міндеттерді шешуде жаңа концептуалдық бағыттар мен тәсілдерді әзірлеу қажеттілігі, сондай-ақ тарихи білім саласындағы мұраның объективті-сыни талдауын жүргізу болып табылады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы М. Тәжин 2013 жылдың 5 маусымындағы Қазақстанның ұлттық тарихын зерделеу бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген мәжілісі барысында өткен дәуірге әділдігі маңызды және дәріптеуге жол бермейтіндей дұрыс баға беру өз бабаларымыз алдындағы тікелей парызымыз болып табылады деп атады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры соңғы жылдардағы мұрағатшылар мен ғалымдардың бірлесіп жасаған еңбектерінің нәтижесінде, яғни алыс және жақын шетелдердің мемлекеттік мұрағаттарынан, ғылыми мекемелерінен, мұражайлары мен кітапханаларынан анықталған және сатып алынған өткенді шолатын құжаттық деректерімен айтарлықтай толықты.

Отандық тарихқа қатысты мұрағаттық дереккөздерді анықтау, оларды өңдеу және ғылыми айналымға енгізу жолымен тарих ғылымының құжаттық негізін молайту мақсатында Археография және деректану ұлттық орталығы «Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында (ХІХ-ХХ ғғ.)» ақпараттық анықтамалығының 7 томын дайындап шығарды. 

Еліміздің мұрағатшылары мен ғалымдарының Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты құжаттарды анықтау бойынша ғылыми ізденістері Қазақстан Республикасы мұрағаттарын Өзбекстан Республикасының мұрағат қорларынан анықталған құжаттармен толықтыруға мүмкіндік берді.

Анықтамалықтағы Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатынан, Ташкент облыстық және қалалық мұрағаттар қорларынан анықталған құжаттық деректерде ХІХ ғасырдың соңындағы ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанның және оған көршілес аумақтардың саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының  әр алуандығы жан-жақты көрсетілген.

Қазақстан тарихын зерттеушілердің қызығушылығын тудыратын деректер Өзбекстан мұрағат қорларынан анықталған Қазақстан аумағын Ресей  империясы   құрамына   енгізудің   соңғы   бір   демі  болған  Түркістан

генерал-губернаторлығын құрудың алғышарттары мен процестері туралы құжаттар болып табылады.

Осыған байланысты отарлау кезеңіндегі отандық тарихтың көптеген беттерінен көрініс тапқан Түркістан генерал-губернаторы кеңсесінің материалдарын ерекше атауға болады. Мысалы, өлкені басқару жүйесінің эволюциясы; Түркістан өлкесінде әскери округтердің құрылуы; жергілікті тұрғындарға салық салу; қазақ даласындағы патшаның аграрлық саясаты; көшпелі халықты отырықшылыққа көшіру туралы; Сырдария облысындағы 1887-1888 жж. қысындағы жұттың (ашаршылықтың) беймәлім беттері; дін және білім саласындағы самодержавияның саясаты; құқық саласындағы реформалар; 1880 жылдың соңындағы Қытаймен шекараны күшейту.

Кеңсе құжаттарынан ХІХ ғасырдың соңында – ХХ ғасырдың басындағы патшаның қоныс аудару саясатына, бірінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі жергілікті халықтың жағдайына, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына қатысты оқиғалар тарихын толықтыруға мүмкіндік беретін деректер табамыз.

Тарихшылар патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы Жарлығына сәйкес түркістандықтарды тылдағы жұмысқа жібергені туралы, Жетісудағы бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы наразылық қозғалыстарын қалай басқаны туралы, империя мүддесін қорғау үшін орыс халықтарын қару-жарақпен жабдықтағаны туралы, Жетісу облысындағы қазақтардың Ауғанстанға және Қытайға қоныс аударғандары туралы мәселелердің деректік негізін тереңдетуге мүмкіндік алады.

Біздің көзқарасымыз бойынша Түркістан өлкесіндегі Егін шаруашылығы мен мемлекеттік мүлік басқармасы қорынан анықталған құжаттар Қазақстанда патшаның аграрлық отарлау саясатын терең зерделеу тұрғысында мамандардың ерекше назарын аударады. Мысалы, 1912 жылғы «Сведения о работе Комиссии при Совете Туркестанского генерал-губернаторства по вопросу применения Положения о землеустройстве крестьян и инородцев Сибири в областях туркестанского края» атты құжат. Сырдария облысы қоныс аудару ісі басқармасының қорларында 1910-1912 жылдардағы қоныс аудару учаскелерінің құрылуы туралы, әскери тұтқындарды (мадьярларды, румындарды, немістерді) жұмысқа тарту туралы, 1914-1915 жылдардағы қоныс аударылған аудандар туралы, бірінші дүниежүзілік соғыс майдандарының мүгедектеріне және қайтыс болған орыс солдаттарының отбасыларына жер учаскелерін бөлу туралы, өлкедегі саяси ұйымдар туралы, панисламизмнің тарауы туралы тарихи маңызды мәліметтер сақталған.

Деректердің маңызды бөлігі Қазақстанның тау-кен өндірісіне шетел капиталының (атап айтқанда, ағылшын) қалай ие болғанына арналады.

Өзбекстан Республикасының мұрағаттарында анықталған және сатып алынған құжаттар туралы айтқанда, тарихшыларды ерекше қызықтыратын, отандық тарих беттерін толықтыратын 1917 жылғы төңкеріс пен 1918-1920 жж. Азамат соғысы тарихына қатысты, сондай-ақ Түркістан АССР-ін құру тарихына қатысты  құжаттарды атамауға болмайды. Мысалы, фактологиялық

және статистикалық деректер 1918 жылғы Жалпытүркістандық Кеңестер съезінің, ТурЦИК-тің пленумдары мен сессияларының материалдарында сақталған. 1920 жылдар басындағы ашаршылық қасіреті және оның салдарымен күрес туралы, Корниловтік бүлік туралы деректер анықталған.

Мұрағаттық құжаттардың ауқымды көлемі өлкенің төңкерістен кейінгі алғашқы онжылдықтағы экономикасының даму мәселелеріне арналған. Біз осы жылдардағы өндірістің, ауылшаруашылығының, транспорттың және байланыстың дамуы туралы материалдармен таныса аламыз. Атап айтқанда, Жетісудағы су тасқынымен күрес, алғашқы өндіріс инфрақұрылымдарын дамытудың қиыншылықтары, жер-су мәселелерін шешу, теміржол желілерін дамыту, Қазақстан аумағында банктік-қаржылық жүйенің іс-қимылы туралы мәліметтер қолданыстағы тарихи деректерді барынша толықтыруға мүмкіндік береді.

Өзбекстан Республикасы мұрағаттарынан ұлттық интеллигенцияға қатысты большевиктік мемлекеттің қуғын-сүргін саясаты туралы құжаттық деректер анықталып, сатып алынған. Бұл аспект бойынша зерттеушілердің бірден-бір назар аударатыны – 1932 жылы қуғын-сүргінге ұшыраған Орта Азия мемлекеттік университетінің (САГУ) оқытушы-профессорлар құрамының қайғылы тағдырына арналған құжаттар.

Қазақтардың және олармен көршілес мемлекеттер халықтарының тағдырлары туралы көптеген материалдар корпусындағы шындыққа жақын 1920 жылдары басмашылықпен күрес тарихына қатысты құжаттарды зерделеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда осы тақырып тарихнамада толыққанды ашылмаған. Түркістанда соттар мен прокуратураның қалыптасуы, әскери-революциялық трибуналдың іс-әрекеті туралы мәселе бойынша қызықты айғақтар осы материалдармен ұштасып жатады.

Өлкедегі мәдениет құрылысының жетістіктері, қарама-қайшылықтары және ерекшеліктері, Ресей империясының бұрынғы шығыс аумақтарына қатысты кеңестік мемлекеттің ұлттық саясаты туралы жаңа ізденістерді жалғастыруға мүмкіндік беретін Өзбекстан мұрағаттарынан анықталған деректерді жеке корпусқа бөлу қажет. Алғашқы сыртқы саясат органдарының қалыптасуын баяндайтын құжаттар, 1920 жылдардағы республикаларды межелеу туралы маңызды материалдар тарихшылардың қызығушылығын тудыратыны сөзсіз.