Parse error: syntax error, unexpected '=' in /var/www/html/index.php(163) : eval()'d code on line 1
NCAI.kz - Археография и источниковедения




Тіркелу   Забыли пароль?


Қонысбаева Б.Б. «Ұлттық талғам таразысы». Егемен Қазақстан. 15 тамыз, 2007 ж




ҰЛТТЫҚ ТАЛҒАМ ТАРАЗЫСЫ

 

   Қоғамдық ойдың дамуына жетекші болатын екі фактор бар. Оның бірі ақпарат алмасудың тездігі де, екіншісі тарихи сананың қалыптасуы. Ғаламдасудың қадамы тездеген сайын ақпарат алмасу мәселесі оңтайлы шешіліп отырады. Әрине, жиналған ақпараттарға талдау жасау, талдап, саралау талабы – қоғамдық институттардың міндеті. Тарихи сананың қалыптасуында тарихи оқиғаларға ұлттық тұрғыдан баға беру мен әлемдік ғылым-техникадағы жаңалықтарды меңгеріп, тарихи деректерді талғап, мақсатты пайдаланудың мәні зор. Ұлттық талғам жоғарыламайынша ғылым мен техника жаңалықтарын ұлттық мүдде үшін қызмет еткізу мүмкін емес. Сондықтан тарихи шындықтың тегін анықтап, өткенге ой көзімен қарау –  бүгінгі күннің тарихшыларға қояр бірінші талабы.

Өркениетті қоғам құруға бет алған жұрттың бәрі де алдымен өзінің тарихи тамырын танып, тарихи жадын қалпына келтіруге күш салады. Өткен ғасырда қазақ тарихы отаршылдардың еркінше бұрмаланып келді. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтар мансұқталып, оның орнына жасанды, ұлттық мінездемеге жат рухани өлшемдер орнатылды. Соның салдарынан халық өз тарихы туралы шындықтан адасып қалды.

            Тәуелсізідіктен бері қазақ халқы өз тарихын түгендеу жолында ірі қадамдар жасап келе жатқаны белгілі. Бұл салада біз көршілес республикалардан оқ бойы алдамыз. Біздің халқымыздың ғылыми әлеуеті жоғары, алдындағы міндет де ауыр. Көп болып көтеретін істің түйіні халықтың бұрмаланған тарихын қайта жазып, тарихи жадын қалпына келтіру.

   Бұл бір бағдарламаның, бір іс-шараның көлемінде орындала салатын жұмыс емес, ұлт болып жұмыла атсалысатын заманымыздың көкейкесті мәселесі. Сондықтан бұл іске мемлекетіміз арнайы бағдарламалар дайындап, ауқымды шараларды іске асыруда. Сол шаралардың қатарында ұлттық деректануды жаңа деңгейге көтеру ісі де бар. Бұл өткенді танып, тарихтан дұрыс қорытынды шығарып, оны болашақ үшін қызмет еттірудің қажетті шарттарының бірі. Осы қажеттілік үшін Қазақстан Республикасы Үкіметі 2005 жылы 1 наурызда «Археография және деректану ұлттық орталығын» құру туралы қаулы шығарып, соған сәйкес “Археография және деректану ұлттық орталығы” мемлекеттік мекеме болып құрылды.

            Ұлттық орталықтың алдына бірнеше міндет қойылды. Біріншіден, Қазақстанда және шет елдердің мұрағаттар мен ғылыми мекемелерінде, жеке коллекцияларда сақталған ұлттық тарихымызға қатысты тарихи деректер мен құжаттарды іздестіріп, сатып алып, ұлттық мұрағат қорын толықтыру.

Өткен ғасырда біз өз тарихымызға қатысты деректерді толық игере алмадық. Бұл арада өз тарихымызға қатысты деректердің бәріне толық қол жеткізе алмағандығымыз, қолда бар деректерді қорытуда саяси цензураның шектеуіне ұшырағандығымыз ұлттық тарихымызды зерттеуде орны толмас олқылықтарға жол беруімізге мұрындық болғанын ескерген жөн. Қазірге дейін біздің ғалымдар пайдаланып келген қазақтың көне тарихына қатысты деректердің көбі – көрші елдердің мұрағаттарында, ресми құжат түрінде және қолжазбада сақталып келген деректер. Қазақ тарихына қатысты деректер көп сақталған елдер – Қытай, Иран, Түркия мемлектерінің мұрағаттары мен кітапханалары.

   Бұл елдердің ғылыми мекемелерімен байланыс орнатылмағандықтан, ол елдерде сақталған деректерді тікелей пайдалану мүмкін болмай келген.

   Ресей мұрағаттарындағы деректерге зерттеушілер ішінара қол жеткізсе де, ол деректер ұлттық ғылыми ойдың дамуы үшін жалпылық рухани байлық ретінде пайдаланылмады. Аталған елдерден деректердің өзін немесе көшірмесін алу тіпті мүмкін болмады. Қытай жазбаларындағы қазаққа қатысты деректермен орыс ғалымдарының аудармасы арқылы ғана сырттай таныстық.

   Қазір бұл мәселенің шешімі табылды. Ресей, Қытай елдері өз мұрағаттарындағы қазақ тарихына қатысты деректерді, олардың көшірмесін алуымызға мүмкіндік жасап отыр. Соның нәтижесінде шет елдегі тарихи деректеріміз түрлі арналармен отандық мұрағаттарға келіп түсуде. Дегенмен деректерді бір орталыққа топтау мен зерттеу жұмысы айтарлықтай кемелдене қойған жоқ. Осы саладағы жұмыстарды жетілдіруде ұлттық орталықтың атқарар ісінің маңызы зор, көлемі ауқымды.

   Біздің алдыға қойған мақсаттарымыздың ішінде шет мемлекеттердегі Қазақстан тарихына қатысты деректердің автоматтандырылған ақпараттық жүйесін қалыптастырып, біртұтас мәліметтер базасын құру ісі ерекше орын алады. Егер бұл жұмыс толығымен аяқталғанда (бұл жерде толығымен аяқталу деген сөз салыстырмалы түрде айтылып отыр), автоматтандырылған деректер базасының қалыптасуы отандық ғалымдардың озық деңгейдегі электронды қызмет түрін пайдалануына мүмкіндік тудырады.

   Ұлттық орталықтың атқарар екінші міндеті – ұлттық тарихымызға қатысты тарихи деректер мен құжаттарды зерттеу. Деректерді жинау бар да жиналған деректерді зерттеу бар. Мәселенің түйіні осы зерттеудің деңгейі мен бағытында.

            Біздің тарихымыз ауызша жасалып, ұрпақтан ұрпаққа ауызша жалғасып келген тарих. Ата тарихымызға қатысты өз тілімізде жазылған жазба деректер аз. ХХ ғасырдағы аумалы-төкпелі жағдайда осы аз деректердің талайы жойылды. Онан қалғаны шет ел асып тозып кетті. Ал халықтық шежіре деректері екінші дәрежелі қосымша ретінде қаралды. Соның салдарынан тарих ғылымы саласындағы зерттеулеріміз қоғамдық ойдың даму талабын қанағаттандыра алмады. Қазір деректануда жаңаша көзқарас пайда болды.

Ғалымдарымыз бұрын жасырын сақталып келген және шет ел мұрағаттарынан табылған деректерді пайдалана отырып, тың ізденістер жасау мүмкіндігіне ие болды.

   Дей тұрғанмен танымал ғалымдар бар, ғылымға енді келіп жатқан ізденушілер бар, студенттер бар. Аталған түрлі деңгейдегі зерттеушілердің бәрі шетел мұрағаттарынан табылған деректерді игеруге дайын емес. Бұл деректерді алдымен деректанулық сараптамадан өткізіп, тегін, құндылық деңгейін, деректердің шығу төркінін анықтау кешенді, жүйелі зерттеуді қажетсінетіні сөзсіз. Археография және деректану ұлттық орталығы Республика көлемінде бұл саладағы тұңғыш құрылған жалғыз мекеме. Оның атқарар қызметінің салмағы ауыр.

   Үшіншіден, орталық археография мен деректанудың түйінді мәселерін зерттеуді өз жұмысының негізгі бағыты ретінде ұстанады. Бұл тарих және мәдениет саласындағы дерекке табынушылықтың алдын алудағы жалғыз өнімді шара.

Кез келген мекеменің жұмысының дұрыс жолға қойылуы, нәтижелі болуы оның құрылымы мен кадрлар қосынына тікелей байланысты болады. Ғалымдардың саны мен сапасы – жұмыстың өнімділігі мен сапасының негізгі кепілі. Ұлттық орталықтың құрамында: «Археография және деректану зертханасы», «Қазақстанға қатысты шетелдегі мұраларды анықтау және мәліметтер жинақтау зертханасы» және ғылыми баспа бөлімі мен ғылыми- әдістемелік кеңес құрылған. Бұл құрылымдардың жұмысы бір ғана мақсатты көздейді. Дегенмен зертханалар мен бөлімдердің қызмет бөлісі айқын, өзіндік тұғырнамасы, қызмет ұстанымы бекітілген. Олардың жұмысы сол негізде іске асады.

Орталықтың кадрлар құрамында жас мамандар да бар. Зерттеушілердің ғылыми деңгейі жоғары, ақпарат алу ауқымы кең. Қытай, араб, неміс, орыс тілдерін жақсы меңгерген үш ғылым докторы, бір ғылым кандидаты және ізденушілер жұмыс істейді. Біздің жұмыстың салмағы жас мамандарды тәрбиелеу, кадрлар қосынын толықтырып отыруды қажет етеді.

Тарих саласындағы жетекші ғалымдардан құрам тапқан ғылыми-әдістемелік кеңесі республика көлеміндегі археография, деректану саласындағы зерттеулерді жіті қадағалап, орталықтың зерттеу жұмыстарының сапасын жақсартуға бағытталған ұсыныс-пікірлер дайындайды. Дайындалған зерттеулер мен әдістемелік құралдар ғылыми кеңесте талқыланып, сонан соң баспаға ұсынылады. Бұл тарихи деректерді пайдаланудағы ортақ ұстанымның қалыптасуына ізгі ықпалын тигізеді деп сенемін.

            Отан тарихының жаңа беттерін ашуда таптаурынды шиырдан шығып, тың да ауқымды жобалар жасаудың маңызы зор. Кесек идеядан ғана кесек нәтиже күтуге болады. Сондықтан идеологиялық маңызы бар ауқымды жобаларды жасап, іске асыруды көздейміз. Осы жобаның шінде Қазақстан тарихына қатысты деректердің 5 томдық библиографиясын дайындау, шет тілдерде сақталған деректерді зерттеу мен пайдаланудың әдістемесі мен ұстанымы зеттеу мәселелерінің маңызын ерекше атап көрсетуге болады. Бұл бағыттағы зерттеулер республикадағы мұрағат мекемелері мен зерттеушілер мұқтаж болып отырған түйіндердің бірі.

Археография және деректану ұлттық орталығының жұмыс істей бастағанына бір жылдай уақыт болды. ­­­Өткен бір жылда Орталық мамандары 2001-2005 жылдары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шет елдердегі мұрағаттық құжаттарды жинауға бағытталған, Ақпарат және мұрағат комитеті ұйымдастырған экспедицияның жинаған материалдарын зерттеумен айналысты. Сатып алынған 35 мыңнан аса құжаттың (көшірмелерін) 23 000-нан астамы деректер базасына енгізілді. Енді ол зерттеушілердің пайдалануына беріледі. Бұл құжаттардың қазақ тарихын зерттеуде бұрын зерттеушілердің назарынан қағыс қалып келе жатқан, сирек деректер екенін ескерсек, атқарылған жұмыстың маңызы зор екенін танимыз. Сонымен бірге “Шетел мұрағаттарынан алынған Қазақстан тарихына қатысты құжаттардың анықтамалығы”, “Қазақтың байырғы мәдениетіне қатысты сирек кездесетін деректерге талдау”, “Ғ. Мүсірепов және архив” атты деректанулық зерттеу еңбек дайындалды, таяу уақытта баспадан шығады.

 ҚХР мұрағаттарынан алынған жүз томдық фотолитография жинағына ғылыми сипаттама жасалу үстінде. Бұл жинақтар Чин үкіметінің шекарада тұрған мансаптыларының қытай патшасына жолдаған құжаттары. Онда ХІХ ғасырдағы Қазақстан мен Қытай шекарасындағы оқиғаларға қатысты деректер қамтылған. Ондағы материалдар тарихшылар үшін де, саясатшылар үшін де маңызды, құнды дүниелер. Алайда бұлар ақиқаттың өзі емес, біздің онда бұрмаланған, өзгертілген деректердің болуы да мүмкін ғой.

Біздің міндетіміз – тарихи деректердің құндылығын анықтап, уақыттың шаңынан тазартып ұсыну.

 Қазақ тарихына қатысты деректерді көп сақтаған Түркия, Иран, Қытай, Ресей сияқты елдердің мұрағаттарымен қарым-қатынас орнатудың біз үшін мәні тіпті зор. Бұл біздің жұмысымыздың басты бағыттарының бірі болады.

“Археография және деректану ұлттық орталығы” мемлекеттік мекеме болып құрылса да, алдына қойған міндеті мен мақсаты, атқарған жұмыстары оған ғылыми сипат беріп отыр.

Мұндай мекеме озық елдердің бәрінде бар. Олар ғылыми-зерттеу орталықтары, институттар. Жұмыс көлемі де бізден әлдеқайда ауқымды. Ресейде мұндай зерттеу мекемелерінің бірнешеуі жұмыс істейді.

Қай елдің қандай зерттеу орны болмасын сол елдің ұлттық тарихи танымын қалыптастыру үшін қызмет етеді.

            Біздің орталықтың қызметінің басты бағыты да тарихи танымды қалыптастыруға материалдық негіз даярлау. Ұлттық тарихымыздың даму ерекшелігі мен тарихи деректердің сақталу жолдары орталықтың жұмысына ерекше сипат береді. Біз тарихи деректерге деректанулық, археографиялық талдау жасаумен бірге тарихи салыстырмалы логикалық талдау әдістерін пайдалана отырып, тарихи деректерді танудағы ұлттық талғамды қалыптасыруды көздейміз.

 

Археография және деректану ұлттық

 орталығының директоры

Қонысбаева Б.Б.

 «Егемен Қазақстан». 15 тамыз 2007  ж.